Елімізге қорған болған бабаларымызды құрметтеу және болашақ ұрпаққа үлгі ету - біздің борышымыз. Осы орайда, Ақмола облысы мәдениет басқармасының облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы Баубек батырдың 200 жылдығына арналған «Азат рухты Баубек батыр» облыстық ақындар айтысын өткізді. Ақындар айтысының мақсаты ежелден келе жатқан халқымыздың дәстүрлі айтыс өнерін насихаттау, еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігін, қол жеткізген табыстарын, кешегісі мен бүгінгісін жарқыратып жыр жолдарымен өрнектеу, жас ұрпақты халқына, туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу, ұлттық өнерге баулу,ақындардың қабілеттері мен шешендік өнерін шыңдау. Айтысқа Ақмола облысының аудандары мен қалаларынан 16 айтыскер ақын қатысты. Облыстық айтысты танымал ақын, айтыскер, жазушы Арман Бердалин жүргізді. Ауданымыздың намысын Макинск қаласының мектеп-лицейінің директоры Серік Нұртуған қорғады. Айтыстың барлық қатысушылары ұйымдастыру комитетінің дипломы және ақшалай сертификаттарымен марапатталды. Көкше жерінде дүбірлеп өткен осы айтыс ел есінде қалары анық.