Жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен
мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына оқуға түсуге
тілек білдірген талапкерлерге мәлімет
(Ақмола облысы әкімдігінің ЖАО гранты)
Ақмола облысында 2021-2022 оқу жылына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 185 грант мөлшерінде мемлекеттік білім беру тапсырысы қалыптастырылды, оның ішінде: педагогикалық мамандықтарға - 100 грант (бакалавриат); медициналық мамандықтарға - 50 грант (бакалавриат) және 35 грант (резидентура).
ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 122 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін ЖАО жыл сайын республиканың жоғары оқу орындары арасында конкурс жариялайды. Конкурс өткізу туралы хабарландыру ЖАО сайтында жарияланады.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін ЖОО-лар ЖАО-ға конкурстық өтінім береді. ЖАО комиссиясы конкурстық өтінімдерді қарайды, олардың конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестік дәрежесін айқындайды. Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша ЖАО сайтында мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімі жарияланады.
Жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау тәртібі ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен бекітілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларымен реттеледі.
Жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсына қатысу үшін
ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша: педагогикалық мамандықтар бойынша - кемінде 75 балл, медициналық мамандықтар бойынша - кемінде 70 балл жинаған тұлғалар жіберіледі. Бұл ретте, ҰБТ-ның әр пән бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.
Бакалавриатқа түсушілердің құжаттарын қабылдау және арнайы емтихан өткізу ЖОО орналасқан жерде 20 маусым мен 24 тамыз аралығында жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысымен бекітілген «бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларына сәйкес ЖАО білім беру грантын беру ҰБТ сертификатының балдары мен арнайы емтихан нәтижесін ескере отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша резидентурада оқуға
КТ және (немесе) түсу емтиханы бойынша ең жоғары - кемінде 75 балл жинаған тұлғалар конкурстық негізде қабылданады. Резидентураға түсушілердің өтініштерін қабылдауды 3-25 шілде аралығында ЖОО-ның қабылдау комиссиялары жүргізеді.
ЖАО қаражаты есебінен грант негізінде түскен азаматтармен
Ақмола облысының аумағында кемінде 3 жыл жұмыспен өтеу туралы шарт жасалады.