Бұланды ауданында мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай аудандық Мәдениет үйінде
салтанатты жиын болып өтті. Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Қ. Испергенов
барша ұлағатты ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, еліміздің ертеңі бүгінгі
жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында деген
Елбасының сөздерін келтіріп, ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегін атап көрсетті. Аудан
басшысы мереке иелеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс, бәсекеге қабілетті
азаматтарды тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңде қажырлық тіледі. Шара барысында
көпжылдық адал еңбегімен ерекшеленіп, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып
жүрген ұстаздар марапатқа ие болды.
Сонымен қатар адал еңбегі үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды ұстаздарға аудандық
білім бөлімінің басшысы Б. Есмурзина және білім беру саласы қызметкерлерінің
кәсіподақ ұйымының төрайымы Қ. Байтемирова тапсырды. Ал аудандық мәслихаттың
хатшысы, халық қалаулысы Ш. Құсайынов ауданымызда танымал меценат, облыстық мәслихаттың
депутаты Т. Булатовтың атынан жұмысында жетістіктерге жеткен ұстаздарға ақшалай
сыйлықтарды тапсырды.
Айта кететін жайт, ауданның білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздардың басым
көпшілігі үнемі іздену жолында жүреді, ауданның абыройын беделді сайыс пен
байқауларда қорғап, асқақтатып жүреді.
Ұстаздардың төл мерекесіне орай ауданның басты сахнасында мерекелік концерт беріліп, сала
ардагерлеріне гүл шоқтары табысталды.