Аудан басшысы Қ. Испергенов Макинск қаласындағы қосымша білім беру ғимаратының
реконструкциядан кейін ашылу салтанатына қатысты. Әдемі, жарық, заманауи жөндеуден
өткізілген ғимарат бүгіндері қаланың көрікті жерлеріне айналды. Бұған дейін қалалық
№ 4 мектеп болған бұл ғимаратты реконструкциядан өткізу үшін облыстық бюджеттен
110 миллион теңге қаражат бөлінген болатын. Енді көркі кіріп, заманауи тұрғыда
жабдықталған ғимараттың ішінде қосымша білім беретін үш мекеме жұмыс жасауда:
Макинка балалар музыка мектебі, Макинка балалар шығармашылық үйі және
«Психология-педагогикалық түзету кабинеті» КММ.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, ашылу салтанатына жиналған қонақтардың көңілдері жарқын
болды, себебі бұл аудан тарихындағы ерекше күндердің бірі еді.
Ұйқасы жарасқан өлең жолдар, ақ ниет пен жылы лебіздер, әдемі безендірілген ғимараттың
кіреберісі, қазақтың дәстүрлі шашуы тойдың сәнін келтірді. Жиналған қауымды ғимараттың
ашылуымен аудандық мәслихаттың хатшысы Шахман Құсайынов, құрылыс компаниясының өкілі
Нарбота Күбегенов, Макинка музыка мектебінің алғашқы түлектерінің бірі және осы
өнер шаңырағының бұрыңғы ұстазы, педагогика еңбегінің ардагері Людмила
Хаданина, ата-аналар комитетінің өкілі Радимхан Токишева құттықтап, ізгі
тілектерін жолдады. Олардың әрқайсысы ұстаздарға, дарынды оқушыларға қосымша
білім беру жолында толағай табыстар тілеп, ауданның өнердегі беделі жыл санап
арта берсін деген ниеттерін білдірді.
Ашылу салтанаты өз мәресіне жеткеннен кейін жиналған қауым ғимараттың ішіне кіріп, жұмыс
кабинеттерін аралап, экскурсия жасады. Макинка балалар шығармашылық үйінің
жанындағы аудандық мұражайға демеушілердің қолдауымен арнайы сөрелер жасалған
екен. Бұл игі істі қолдаған Бұланды аудандық іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы,
мекеме басшысы Клара Мендыбаева және жиһаз шебері, жеке кәсіпкер Александр
Гриценко. Осындай бастамалар әлі де жалғасын тапса нұр үсітне нұр болар еді
деген аудан басшысы, өз алдына кәсіпкерлерге зор алғысын білдірді. Сондай-ақ,
осы жобаның басынан аяғына дейін қадағалап, құрылыс кезіндегі барлық мәселелерді
бақылауға алып жүрген мекеме басшыларына да алғыс айтылды. Тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйіні болған негізгі ой – Елбасының сындарлы саясатының арқасында,
Жолдауларда белгіленген басымдықтарды жүзеге асыру барысында осындай жаңартылған
ғимараттар бой түзеп, елімізде балаларға білім алу үшін керемет жағдай
жасалуда.
Іс-шара соңында Макинка балалар музыка мектебінің ұжымы дайындаған мерекелік концерт берілді.