Жастар -
елдің қорғаны
Еліміз дербестікке қол жеткізіп, әлемдегі дамыған елдермен терезесін теңестіріп, қанатын құлаштай
керіп тоқтаусыз дамып келеді. Елбасы “Жастарды қазақстандық патриотизмге шығармашылық
жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық
мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс
қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек”- деп жастарға үлкен сенім артып,
тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақтылығын сақтап, оны болашаққа аманат етуді көздеп
отыр.
Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге құрмет,
патриотизм тұлғаның дамуындағы ең жоғарғы деңгейді сиапттайтын аса маңызды
рухани игіліктердің бірі. Ол адамның Отан игілігі үшін қызмет етуінен, қажет
болса, сол мақсат жолында ғұмырын құрбандыққа шалуға дейін баруынан көрінеді. Әрбір
азамат өзі өмір сүріп, ауасын жұтып, игілігін пайдаланып отырған мемлекетін
“Туған елім, Отаным” деп тануы қажет. Мемлекетке есімін беріп отырған ұлттық
салт- дәстүрлеріне құрметпен қарау, оның
тілі мен ділін, дінін сыйлау, заңдарына бағыну, рәміздерін ардақтап,
жетістіктеріне шаттану- қоғамның әрбір мүшесінің парызы.
Патриотизм- санаға біртіндеп қалыптасатын, тынымсыз
тәрбиенің нәтижесінде орнығатын ұлы сезім. Әркімнің өскен ортасына, қалыптасқан
қоғамына қарай түрліше дамып, алуан сатылы деңгейде болатын, үздіксіз тәрбиенің
жемісі.
Патриоттық сезім жалпы адам баласына адами түйсік-
қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, қамқорлықтарына жеке
қатынасын, өзіндік бағасын, түйсінуін, қуаттап- қолдауын пайымдайтын көрсеткіші болып табылады.
“Отан - от басынан басталады” дейді халық
даналығы. Демек, бала тәрбиесі - Отан мен ел мүддесі. Әрбір бала бір ғана
отбасының ғана емес, күллі қоғамның келешегі, көктемі, бүршік атар гүлі екені
жадымыздан әсте шықпағаны абзал. Бір сәт “Ел боламын
десең, бесігіңді түзе” деген даналық сөздің мәніне үңілсек, бала тәрбиесіне
балалық шағынан-ақ көңіл бөлу міндеті тұрғанын аңғару қиын емес. Еліміздің
ертеңгі патриотын қалыптастыру әрине отбасынан және мектептеп бастау алары
сөзсіз. Бұл орайда мектепте оқушылармен әскери патриоттық іс-шаралар көптеп
ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ «Мен болашақ сарбазбын», «Қазақстан
Армиясына 25 жыл» тақырыбындағы әскери-саптық әндер байқауы, «Тәуелсіздік
тұғыры» атты меркелік салтанатты сап «Көк туым» ұранымен жалау ұстаушылар
байқауы, «Мәңгілік ел-кемел ел» атты тәрбие сағаттары. Бұл іс-шаралар
оқушыларды елін, жерін сүюге, рәміздерді құрметтеуге, патриоттық сезімін оятуға
үлкен үлес қосары анық. Сондықтан да бүгінгі жастар ертеңгі егемен
еліміздің-айбынды қорғаны екенін ұмытпауымыз керек.