Макинск қаласының орталық алаңында түлектердің мектеппен қоштасу кеші өз
мәресіне жеті. Он бір жыл ішінде алған білімді қорытындылайтын басты
мемлекеттік емтиханнан сүрінбей өткен жас түлектердің алдында үмітке толы үлкен
өмір күтіп тұр. Түлектердің алдындағы бүгінгі күндегі басты мақсат – жоғары оқу
орнында өз білімін жалғастырып, еліне адал қызмет етуге лайықты мамандық иесі
атану.
Салтанатты іс-шараға аудан басшысы Қуандық Испергенов, аудан әкімінң
орынбасарлары О. Смағұлов және Б. Тасылбекова, аудандық мәслихаттың хатшысы Ш.
Құсайынов, облыстық мәслихаттың депутаты Т. Болатов, «Нұр Отан» партиясы
аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ. Мәулиев, Макинск қаласының
әкімі М. Кеженев, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындарының басшылары қатысты.
- Бүгінгі жас - ертеңгі болашақ. Сондықтан, әрдайым сын сағаттан
сүрінбей өтіп, армандаған мамандықтарыңның иесі атануларыңызға тілектеспін.
Сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың және аялап өсірген
ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне сіздердің
үлес қосатындарыңызға сенемін, - деді аудан басшысы Қуандық Хайдарұлы өзінің құттықтау сөзінде.
Жүрекжарды ақ тілектерден кейін аудан басшысы марапаттау рәсіміне көшті.
Бұл күні ауданымыздың мақтанышы – 11 жас түлек «Алтын белгі» құрметті төс белгісімен
марапатталды. Әрине, жастар мұндай жетістікке үнемі дайындық пен талаптың
арқасында қол жеткізгені жасырын емес.
Жалпы, биыл ауданымызда 176 жас түлек мектеппен қоштасты. Биікті
бағындыруға бел байлаған жастардың көзінде қимастық сезім бар. Ұстаздың
шәкіртке, шәкірттің ұстазға деген ақ пейілі ақ тілектермен ақтарылып, әнмен
әрленді.