ХХІ ғасыр - жаһандық жаңалықтардың
ғана емес, білімнің дәуірлеу ғасыры. Білім қазіргі кезеңде мемлекеттің тұрақты
дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әлемдік қоғамдастықтағы орнын анықтап,
халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін көрсетуде маңызды рөл атқарады. Жаһандану
дәуірі - әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара
кірігу үрдістерінің жандану дәуірі, сондықтан, білім – пайдалы инвестиция
саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз
етеді. Қазақстан Респуликасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жаңа
кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі «...осы заманғы білім беру, «парасатты
экономиканың» негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды пайдалану
мамандарды дайындау сапасын көтеруге басты себеп болатын, инновациялық
экономиканы дамыту» деп атап көрсетті. Сондықтан да, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық
өзгерістерге байланысты білім беру жүйесіне қойылған жаңа талаптарға сай
студенттердің белсенділік пен дербестік қабілеттерінің жетілуіне әсер ететін жаңа
ақпараттық технологияларды қолдану, оның әлемдік білім кеңістігіне енуіне жол
ашуда.
Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы академиясы» акционерлік қоғамы
еліміздің экономикасы мен қаржы жүйесі үшін жоғары білікті мамандар даярлайтын
арнайы мамандандырылған жоғары оқу орны болып болып табылады
(колледж-бакалавриат-магистратура- докторантура).
2017 жылдың шілде айында Санкт-Петербургте өткен Халықаралық қаржылық конгрессте құрамына
бес елдің білім беру мекемелері қатысқан Еуразиялық Жүйелік қаржылық институт құру
туралы келісімге қол қойылды.
Институтты «Қаржы академиясы» АҚ-ның президенті Н.А.Коржова басқарады.
Жүйелік институт – бұл ТМД елдері мен Ресейдің ғылыми және білім беру орталықтарын
біріктіретін консорциум. Келешекте
Академия қаржы нарықтарындағы кәсіби стандарттарды жасақтау мен жетілдіру, қаржы
нарықтарының мамандарына қойылатын біліктілік талаптарын үйлестіру бойынша ауқымды
жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Мұнда басты назар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің еңбек нарығындағы
біліктілік талаптарын сәйкестендіру құралы ретінле біліктіліктің салалық шеңберін,
сонымен бірге, білім мен біліктілік деңгейін
қабылдау (мойындау) механизмін жасақтауға арналады.
Жүйелік қаржылық институт қызметі ЕАЭО елдерінің біртұтас нарығы үшін қаржы саласында мамандар
дайындауға бағытталып отыр.
Бүгінгі күні Қазақстан экономикасының 43 секторында біртұтас қызмет көрсетуші нарық жұмыс жасайды. Сондай-ақ, 18 либерализациялау жоспары іске асырылғаннан
кейін оларға тағы 21 сектор қосылуы тиіс. 2025 жылға қарай ЕАЭО аумағында өндірілетін
қызмет көлемінің 60%-ға жуығы біртұтас нарық режимінде жүзеге асырылады.
Сондықтан да, бүгінгі қаржы-экономикалық жүйе Еуразиялық экономикалық одақ аумағында біртұтас
қаржылық нарықтың тиімді қызметін жүзеге асыратын бәсекеге қабілетті және ұтқырлы
кадрларды даярлауды талап етіп отыр.
Өз қызметінің барлық кезеңінде де «Қаржы академиясы» АҚ-ның басты бағыты -академиялық
персонал әлеуетін дамыта отырып, сапалы мамандар даярлау. Осы бағытта
Академияның даму басымдылықтары ретінде:
- түлектердің жоғары кәсіби дайындығын жұмыс
берушілердің мойындауын қамтамасыз ету мақсатында білім беру қызметінің сапасын
арттыру жүйесін қалыптастыру;
- қолданбалы
және іргелі зерттеулер саласында оқытушылардың қызмет белсенділігін арттыру;
- заман
мен өндіріс саласының талаптарына сәйкес мамандарды даярлау және қайта
даярлауды жүзеге асыру сияқты міндеттер айқындалған.
Академияның
алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – теориялық білім берудің бір бөлігін кәсіпорын
базасында жүргізуге мүмкіндік беретін дуалды оқытуды енгізу. Оқу үдерісіне Қазақстан
Республикасы Қаржы министрлігінің қызметкерлері мен бизнес-құрылым өкілдері
тартылады.
Академия экономика және қаржы саласының негізгі бағыттары
бойынша беделді ғылыми мектептерді қалыптастырды. Маңызды назар білім мен ғылымның
интеграциясына аударылады, жақын және алыс шетелдің алдыңғы қатарлы
университеттері мен ғылыми орталықтарымен білім-ғылым саласында байланыстар
табысты дамып келеді.
Академия Ресей, Беларусь, Оңтүстік Корея, Болгария, Ұлыбритания
және т.б. елдердің жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан.
Жыл сайын академиялық ұтқырлық шеңберінде әлемнің алдыңғы қатарлы 50-ден астам
университеттерінде 300-ден астам магистранттар ғылыми тағылымдамадан өтеді.
Халықаралық аккредитациядан өткен шетелдік жоғары оқу орындарымен қосдипломды
білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлау жүзеге асырылуда.
Академия ғылыми
қызметкерлер мен маман-практиктердің келіссөз алаңына айналған «Қаржы»-«Финансы»
және «Союз Евразия» журналдарын жарыққа шығарады. Журналда мақалалар,
интервьюлер, оқырмандардың сұрақтарына жауаптар, шолулар, сын-пікірлер,
сондай-ақ экономика, қаржы, кеден қызметі, мемлекеттік сатып алулар мен Қазақстан
Республикасы және ЕАЭО елдерінің салық жүйесіне қатысты басқа да материалдар
жарияланады.
Бітіруші түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы және олардың жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келетін
білім мен біліктілікті меңгеруі – жоғары білім беру мекемелерінің алдындағы өзекті
мәселелердің бірі. Сондықтан да,
Академия кәсіби білікті маман даярлаудың тәжірибелік тұстарын, яғни тәжірибелік
бағытын жетілдіруді маңызды міндет ретінде қарастырады.
Кез-келген білім беру технологиясы бұл белгілі бір
стратегияны жүзеге асыру болып табылады. Қазіргі кезеңде жұмыс берушілердің түлектердің
білімі мен дағдысына қатысты талап-тілектерін ескере отырып, Академия маман
даярлауда салалық және өңірлік нарықтардың сапа стандарттарына сай жұмыс жүргізуді
онан әрі жалғастырады.